Қала экологиясы

Gradient Canopy ландшафты арқылы биоалуантүрлілікті қалыптастыру.

3 минут

Gradient Canopy кешеніндегі қызылгүлді қарақұмық және тынық мұхиты бүлдірген ағашы. Фотосурет: Марк Уикенс.

Ғимараттар кешенінде экологиялық бай орта құру ғаламшардан бөлек адамдар үшін де пайдалы. Таза, сан алуан экожүйелер мен ландшафтылар биологиялық әртүрлілікті қолдайды, экологиялық тұрақтылықты арттырады және олардың адам денсаулығына пайдасы зор. Сол себепті Gradient Canopy жобасы биологиялық әртүрлі жергілікті экожүйелерді қалпына келтіруге арналған.

Біз Gradient Canopy ғимараты орналасқан өсімдіктерге толы жердің бір бүтін оннан алты гектарында бір кездері Кремний алқабында басым болған экожүйе элементтерін (соның ішінде емен өскен орманды жерлер, шоқ тал, чапараль және шабындықтар) қайта жасаумен айналыстық. Ландшафт түгелге жуық 400-дей жергілікті ағаш пен тозаңдандырғыштарды қызықтыратын (сүттіген, мыңжапырақ және сәлбен секілді) өсімдіктен тұрады. Алдымызға қойған мақсат — биологиялық әртүрлі түрлерге арналған көркейетін, қолданылатын ландшафтылар жасай отырып, аймақтың экологиялық мұрасын жаңғырту және адам тәжірибесін нығайту.

Gradient Canopy кешеніндегі мыңжапырақ және койот жалбызы

Gradient Canopy кешеніндегі мыңжапырақ және койот жалбызы. Фотосурет: Марк Уикенс.

Gradient Canopy жобасындағы экологиялық стратегиямыз нақты бір ағаш түріне, атап айтқанда, еменге негізделген. Емен — Калифорния ландшафтысының белгілі ағашы. Ол ерте уақытта Кремний алқабының біраз бөлігін қамтыған. Жергілікті емендер құрғақшылыққа, отқа төзімді болып келеді. Ауаның ластануын тиімді жойып, атмосфераға шығарылған көміртекті сіңіріп алады. Сонымен қатар емен өскен ормандардың экожүйелерінде Калифорниядағы әртүрлілік деңгейі ең жоғары деген өсімдіктер мен жануарлар бар. Мұндай экожүйелер тағы 2000 өсімдік пен шамамен 5000 жәндіктің тіршілігін қолдайды. Басқа жүздеген құс, сүтқоректі және өзге жабайы жануарлар емен өскен қалың орманды азық, көлеңке және пана ретінде пайдаланады.

Жергілікті ғалымдармен бірлесе біріктірілген орман шымылдығын әзірледік. Ол еменнен бөлек атбас талшын, шынар және тал секілді өзге жергілікті ағаш түрлерін қамтитын ландшафтыға арналған. Біріктірілген шымылдық жабайы жануарларға жасанды орта арқылы өтетін дәліздер жасайды және қалалық жылу аралының әсерін азайтады.

Тозаңдандырғышты қызықтыратын жергілікті өсімдіктер Gradient Canopy аумағында өсетін ағаштар үшін майда тоғай қызметін атқарып, онда тіршілік ететін көбелектерді, құстар мен араларды табиғи ресурстармен қамтамасыз етеді. Ландшафтының бір бөлігі батыста қыстайтын монарх көбелегінің популяциясын сақтау үшін арнайы жобаланған. Бұл мақсатта монарх көбелегінің жұмыртқалары мен дернәсілдерінің тіршілігіне қажетті сүттіген түрлерін, сондай-ақ ұзаққа созылатын миграция кезінде көбелектерге қорек болатын шырынды гүлдерді отырғызу үшін ең озық ғылыми жетістіктер қолданылады.

Living Building Challenge бағдарламасының қалалық ауыл шаруашылығына қатысты талабын орындау үшін Gradient Canopy аумағындағы тозаңдандырғышты қызықтыратын өсімдіктерді егілген жүйектермен және бал арасының ұяларымен біріктірдік. Аталған талап қауымдастыққа жаңа дайындалған жергілікті азық-түлік өнімдерін ұсынуға бағытталған. Екі жүйек кафелер мен Googler қызметкерін үйрететін асүйлерді азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Осының арқасында көгалдандыру мен тиімді бақша егу жергілікті азық-түлік өнімдерінің өндірісін тұрақты етуге септігін тигізетінін байқауға болады.

Gradient Canopy кешеніндегі атыздар.

Gradient Canopy кешеніндегі атыздар.

Осында бал арасының үш ұяшығын қою үшін Google-дың Маунтин-Вьюдегі омарталарын басқаратын коммерциялық емес Planet Bee Foundation қорымен серіктестік орнаттық. Жобалау барысында жергілікті және жергілікті емес бал араларының пайдасын арттыру үшін ландшафтының аралар тіршілігіне қалай ықпал ете алатынын зерттедік. Бұл зерттеу Google-ға келешекте жергілікті емес бал араларын жергілікті экологиялық ландшафт дизайнына қосуға көмектеседі. Бұның жергілікті биологиялық әртүрлілікке және азық-түлік өнімдерін өндіруге пайдасы тиеді.

Gradient Canopy қалалық экологиялық дизайны Google-дың экологиялық бағдарламасына негізделген. Ең озық ғылыми жетістіктерді ашық кеңістіктерді жобалау кезінде пайдалану үшін 2014 жылы бағдарлама іске қосылды. Сайып келгенде, Gradient Canopy — кешендеріміздің табиғаты мен биологиялық әртүрлілігін жақсартуды көздейтін үлкен жоспарымыздағы негізгі компоненттерінің бірі.