Тазарақ әрі салауатты болашаққа апаратын жол күнделікті қабылданатын шешімдерден басталады. Сондықтан біз үнемі қоршаған ортаға оң әсер ету жолдарын іздейміз және энергияны, су мен басқа да табиғи ресурстарды пайдалануда бұрынғыдан да көбірек жауапкершілікті сезінеміз. Осы себепті Gradient Canopy кампусында шектеулі табиғи ресурстарға деген сұранысты азайтуға көмектесетін циркуляциялық дизайн қағидаларына негізделген ғимарат тұрғызуды ұйғардық. Циркуляциялық дизайн материалдарды мүмкіндігінше ұзақ пайдалануға бағытталған, сондықтан біз ғимаратқа қайта өңделген және қалпына келтірілген көптеген материалды қолдандық.
Gradient Canopy кампусының ғимаратында қайта өңделген ресурстардан жасалған 30-дан астам бұйымды орнаттық. Ондай ресурстардың ішінде қайта өңделген ағаш, велосипед тұрақтары, локерлер, төсемелер мен плиткалар болды. Олар қалпына келтірілмегенде, қоқысқа кететін еді. Қайта өңделген материалдарды осындай масштабта пайдаланудың арқасында ғимарат ресурстарды үнемдеудің уытты емес, экологиялық жолмен қалпына келтірілетін және таза әдісін қолдануды көздейтін International Living Future Institute (ILFI) ұсынған Living Building Challenge (LBC) жобасының Materials Petal сертификатын алды.
Ғимараттың көлеміне байланысты, қайта өңделген материалдарды қажетті ауқымда алудың бірнеше стратегиясын әзірлеуімізге тура келді. Мысалы, қайта өңделген плитка немесе төсеме сияқты заттарды табу қиын болды, өйткені дизайнға сәйкес олардың көп мөлшері қажет еді және олардың өлшемдері, түсі мен материалы біркелкі болуы талап етілді.
Біз жүгінген негізгі стратегия Google-дың өз қоймаларындағы материалдардан жасалған заттарды қайта пайдалану болды. Бұл ретте бұрынғы жобаларда пайдаланылмай артылып қалған жаңа материалды және ғимараттарды қиратпай тұрып алынып тасталған заттарды қоса алғанда, өзіміздің жалпы жеке қорымызды кәдеге жараттық. Қолымызда бар нәрселерді қарастыра отырып, қайта өңделген төсемелерді, велосипед тұрақтарын, керамикалық плиткалар мен акустикалық төбе плиткаларын біріктіре алдық.
Қалпына келтірілген материалдарды пайдаланудың тағы бір тәсілі – әртүрлі жергілікті көздерден алынған қайта өңделген ағашты пайдалану. Мысалы, құрылыс кезінде тасталған ағаш жоңқаларын ғимараттың әр жерінде орналасқан орындықтарды жасау үшін пайдаландық. Сондай-ақ жергілікті жеткізушілерден қалпына келтірілген ағаш алып, оны велосипед сақтайтын жердегі қабырғаны панельмен қаптауға және Google Store дүкеніне еден төсеуге пайдаландық.