Болашақта түрлендіруге болатын тұрақ

Alta Garage болашақта көлік азаяды деген есеппен салынған

5 минут

Маунтин-Вью қаласындағы Google-дың Alta Garage тұрағы

Маунтин-Вью қаласындағы Google-дың Alta Garage тұрағы

Әдетте жабық тұрақтар сәулет өнеріндегі жаңашылдықтың белгісі емес. Көптеген адам үшін автомобиль бұрынғыша межелі орынға апаратын құрал ретінде қолданылатын қоғамда олар функциялық қызмет атқарады. Алайда автомобильдер аз болатын, ал көміртек шығарындыларын және жолдағы кептелісті азайтуға көмектесетін тұрақты көлік түрлері көбейе түсуі мүмкін болашаққа көз жүгіртетін болсақ, тұрақ аймақтарына деген мұқтаждық та азаюы мүмкін. Ал бір реттік жабық тұрақтар өз кезегінде қажетсіз нәрсеге айналып, бұзылуы мүмкін. Нәтижесінде қалдықтың, көміртек шығарындысының және шығындардың артуына әкеледі. Осы себепті Google-дың Маунтин-Вьюдегі Alta Garage жабық тұрағы болашақта жай ғана тұрақ болып қалмай, қолайлы сәті туған кезде, коммерциялық, тұрғын немесе қоғамдық кеңістікке түрлендіруге болатын етіп әдейі жобаланған.

Бұл идея болашаққа бағытталған тұрақ деп аталады. Қоғамның қажеттіліктері өзгерген сайын, Alta Garage көлікжайы да соған сәйкес бейімделеді. Басқа да кеңселер, тұрғын үйлер, игіліктер немесе іс-шара өткізетін орын керек пе? Тұрақ орындары азайған кезде, Alta Garage аталғандардың кез келгеніне түрлене алады. Оны шығындарды азайтатын, уақыт үнемдейтін, қалдықтарды азайтатын және тұрақтылықты арттыратын жолмен жүзеге асыруға болады.

Alta Garage 1001

Alta Garage — алдағы уақыттағы қажеттіліктерге қарай бейімдеп, түрлендіруге болатын тұрақ.

Біз бұрыннан-ақ тұрақты көлік шешімдеріне, соның ішінде ортақ пайдаланатын автомобиль бағдарламаларына, автономды көліктерге, сондай-ақ адамдарға экологиялық тұрғыдан қолайлы таңдау жасауға көмектесетін технологияларға инвестиция салуға талпынып келеміз. Alta Garage болашаққа бағытталған дизайнымен осы мақсаттарды жүзеге асыруға негізделген. Ол сондай-ақ Маунтин-Вью қаласының автокөлік аз қолданылатын аймақ ретінде қалыптасуына және экологиялық таза маршрут құру мүмкіндіктеріне қолдау көрсетеді.

Көлікжайды қазірден бастап қолданысқа жарамды, ал болашақта әртүрлі мақсатта кеңінен қолдануға болатын етіп қалай жобалауға болады? 2018 жылы Google-дың жылжымайтын мүлік бойынша зерттеу және жобалау зертханасының ұжымы осы сұраққа қатысты идеяларды талқылай бастады. Бұған Google-дың негізін қалаушылардың бір жүргізушісі бар автомобильдерге негізделген жобалардан бас тартып, орнына автобустар, велосипедтер және автономды көліктер (AV) сияқты шығарындылары аз көліктерге ерекше мән беру ниеті түрткі болды.

"Біз болашақта не күтіп тұрғанына қарамастан, соған дайын болатын нысандар салғымыз келеді", – дейді Мишель Кауфманн, Google-дың R+D Lab for the Built Environment бөлімінің директоры. "Біз шығындарды азайта отырып, бейімделгіш құрылымды жасауға қажетті шарттарды анықтау үшін зертханада түрлі құрылыс әдістерін, материалдарды, өлшемдерді және стратегияларды зерттедік."

Болашақта тұрақты түрлендіру

R&D Lab студиясы Alta Garage ғимаратын болашақта тұрғын үй немесе коммерциялық орын етудің сипаттамаларын анықтау мақсатында жұмыс істеді.

Басты мақсатымыз болашақта қажет болған жағдайда екінші өмірге ие болатын, ядро мен сыртқы қабаттан құралған икемді әрі бейімделгіш ғимарат негізін салу болды. Қазіргі конфигурациясында көлікжайға 1700-ден астам aвтомобиль және 450-ден астам электр көлігін зарядтау станциясы сыяды, сондай-ақ Google қызметкерлері мен Google Visitor Experience қонақтарына тұрақ орындарын ұсынады. Тұрақ пандустарын террасалар мен ішкі баспалдақтарға айналдырып, жеке қабаттарды игіліктерге, кеңселерге немесе тұрғын үйге арналған кеңістік ретінде пайдалануға болады. Түрлендіру процесі жеңіл өтуі үшін біз тіпті болашақтағы күн сәулесінің қалай түсетінін зерттеп, жарықтың максималды түсуіне едендердің биіктігі және алып тастаған пандустың орны кедергі келтірмейтініне көз жеткіздік. Түрлендіруді жеңілдету үшін Clark Pacific, Gensler, Hollins, International Parking Design, Ellis Partners, SPMD Design және басқа да серіктестерімізбен бірлесіп жұмыс істеп, стандартты жабық тұрақтан ерекше ететін бірнеше дизайн элементін енгіздік.

"Мысал ретінде өлшемдеріне қарай кеңсе немесе сауда кеңістіктеріне сәйкес келетін еден тақталары өте үлкен және төбелері тым жоғары көлікжайды алуға болады", – дейді Джеффри Карри, Google-дың құрылыс жөніндегі директоры. "Автомобильдердің басқа деңгейге өтуіне көмектесетін пандустарды бөлшектеуге болады және болашақтағы ішкі кеңістікке күн сәулесі түсуі үшін оларды алып тастап, атриумдарға, ішкі аулаларға немесе террасаларға орын босатуға болады."

Alta Garage

Alta Garage ғимаратының төбесі биік және аралықтары бір-бірінен алшақ етіп салынғандықтан, оны болашақта басқа мақсатта пайдалануға болады.

Сонымен қатар дренаждық жүйесі бар тегіс едендер көлбеуленуге жол бермей, көлікжайды басқа кеңістікке оңай түрлендіруге мүмкіндік береді. Құрама бетон коммерциялық немесе тұрғын ғимаратқа тән жоғары құрылымдық жүктемені көтере алатындай етіп нығайтылған. Сондай-ақ бұл түрлендірілген ғимаратты бірнеше бөлікке бөлетін бөлгіш қабырғаны орнатуға мүмкіндік береді. Ал құрылымдық блоктар болашақтағы құбыр жүйесін және электр желісін жүргізуді жеңілдетеді.

Alta Garage ғимаратын түрлендіру

Рендеринг арқылы Alta Garage ғимаратын болашақта тұрғын үй немесе коммерциялық ғимарат етіп қалай түрлендіруге болатынын көрсеттік.

Негізгі идея – Alta Garage ғимаратын болашақта жартылай көлікжайға, жартылай кеңсеге немесе толығымен басқа мақсатқа сәйкес түрлендіруге болатын барынша икемді кеңістік жасау. Сәулетшілер үшін ертеңгі күннің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету ұғымы шындығында көлікжайды бастапқы жобасынан керісінше жобалауды білдірді. Болашақтағы кеңсе кеңістігінің баспалдақтары мен лифт шахталары қайда орналасады? Көп пәтерлі үйге қажетті құбыр жүйесін, жылыту және салқындату жүйесін қайда орналастыруға болады? "Алғашқы күннен бастап тұрғын үй және кеңселердің бөлмелер жоспарын жасап, тұрақпен үйлесетін ортақ сипаттарын табу үшін кері бағытта жұмыс істеуіміз керек болды", – дейді Кауфманн.

Екі суретті көру үшін айналдырыңыз: (1) Alta Garage ғимаратын тұрғызуға басында салынған элементтер және (2) болашақта коммерциялық ғимарат немесе тұрғын үй мақсатында қолданылуына қарай оңай енгізуге болатын қосымша мүмкіндіктер.

Alta Garage көлікжайын бірегей ететін тек интерьерінің элементтері емес. Сыртқы жағынан да ол әдеттегі жабық тұраққа ұқсамайды. Кинетикалық өнер туындысына жататын "Ode to Bohemia No. 5 (Inexhaustible Blooms)" деп аталатын фасадының дизайнын калифорниялық суретші Ким Уэст SPMDesign студиясының зерттеу және жобалау бөлімінің демеушілігімен жасаған. Бұған шабыт болған жергілікті табиғи өсімдік ландшафты және ол күні бойы құбылып тұратын түрлі түсті 97 500 металл бөлшектен құралған. Өнер туындысы түрлі түсті бояуымен, қанықтығымен және креативтілігімен адамға ерекше сезім сыйлайды. Ол ғимарат сияқты болашақтағы өзгерістерге бейімделіп салынған. Кинетикалық элементтерді бөлшектеп, болашақта қажеттілікке сәйкес басқа орынға тасымалдауға болады.

Ким Уэсттің "Ode to Bohemia No. 5" (Тоқтаусыз гүлдеу) туындысы ғимаратқа сән беріп қана қоймайды, оны болашақта қажеттіліктерге қарай түрлендіруге және көшіруге болады.

Alta Garage бір күні әдеттегі тұрақ құрылымы болудан қалса да, оның бірінші қабаты бұрынғыша зарядтау орталығы және автономды көліктерді алу орны ретінде пайдаланыла береді. Шатырда ғимараттың энергиясын қамтамасыз ететін фотоэлектрлік күн панельдері орналасқан, сондай-ақ болашақта ол жерде жеткізу дрондары, ұшатын автомобильдер немесе автономды көліктер сияқты техникаларға тұрақ жасауға болады.

Alta Garage болашақта қандай қызмет атқаратынына қарамастан, бүгінгі күні ол ертеңге деген көзқараспен жоспарланған.

Alta Garage ғимаратының фотоэлектрлік күн панельдері көрсетілген жоғарыдан түсірілген көрінісі.