Құстарға қолайлы конструкция

Ғимараттың қоршаған ортамен біріктірілуінің арқасында құстарға төнетін қауіп-қатер азайту.

3 минут

Gradient Canopy ғимаратының төңірегіне ағаш отырғызылған

Gradient Canopy ғимаратының төңірегіне ағаш отырғызылған. Фотосурет: Google үшін Иван Баан.

Gradient Canopy жобасындағы бір мақсат аумақты ландшафтымен үйлесетін жолмен және уақыт өте келе тұрақтылығы артатындай етіп құру болды. "Тұрақты" деген ұғымды климаттың өзгергеніне қарамастан адамдар мен жабайы жануарлар өмір сүре алатын аймақтың экологиялық күйін ұзақ мерзімді сақтауға мүмкіндік беретін орындарға қолданамыз. Біз жабайы жануарларға аса маңызды қолдау көрсететін бұрынғы экожүйе элементтерін қайта жасадық. Дегенмен қала ортасында жабайы жануарларға, әсіресе сайрағыш, торғай, колибри және сарықас секілді жергілікті құстарға қауіп төнетінін білеміз. Осы себепті Gradient Canopy ғимаратын жобалау кезінде құстар үшін қолайлы бірнеше стратегияны басшылыққа алдық.

Ғимарат әйнегі құстардың популяциясына елеулі әсер етуі мүмкін. Құстардың ғимаратпен соқтығысу жағдайын барынша азайту үшін LEED Innovation in Design Credit: Bird Collision Deterrence стандартына сәйкес Gradient Canopy ғимаратын, ландшафтысы мен жарықтандыру жүйесін жобалауға үлкен мән берілді.

Құстар үшін қауіпсіз дизайн элементтерін енгізудің дұрыс жолын табу мақсатымен H.T. Harvey & Associates компаниясының экология мәселелері жөніндегі кеңесшілерімен бірге жұмыс істеп, құстарға қауіпсіз ғимарат салуға арналған стандарттар мен ұсыныстарды қолдандық. Ақырында Gradient Canopy ғимаратына құстар үшін қолайлы дизайнды екі негізгі жолмен енгіздік: біріншіден, ғимарат әйнегінің шағылысу қабілеті мен мөлдірлігін төмендету арқылы; екіншіден, түнгі уақытта ғимарат жарығымен ластануды ішкі және сыртқы жарықтандыру жолдарының көмегімен азайту арқылы

Адамдарға да, құстарға да әйнек көрінбейді. Алайда адамдар терезе жақтауы және шағылысу сияқты көрнекі белгілердің арқасында біртіндеп әйнекті байқай алады. Ал құстардың тереңдікті қабылдау қабілеті төмен, олар көбінесе табиғат не аспан көріністерін шынайы деп түсінеді. Егер құс әйнек бұрыштары арқылы өсімдіктерді немесе ғимарат ішіндегі көшеттерді көре алса, ол әйнекпен соқтығысып қалуы мүмкін. Жалпы ғимарат әйнегінің мөлдірлігіне не шағылысу қабілетіне байланысты өсімдіктер немесе аспан анық көрінсе, соқтығысу ықтималдығы да жоғары.

Gradient Canopy ғимаратын салу барысында алдымен шағылысу коэффициенті төмен әйнекті сатып аламыз деп шештік. Әйнек жасау технологиясы саласында жеткен соңғы жетістіктер күн жылуының түсуіне кедергі келтірмей, сыртқы беттерде шағылысу қабілетін төмендетуге мүмкіндік берді. Осылайша ғимараттың көптеген терезесі мен қасбеті үшін жақсы әйнек таба алдық. Әйнек бетіне бір-біріне жақын орналасқан көрнекі таңбаларды (мысалы, жапсырма немесе қосылған керамикалық фритта) салу да құстар өлімін айтарлықтай қысқарта алады. Өйткені құстар таңбаны бөгет ретінде қабылдап, одан ұшып өтпейді. Біз Америкалық құстарды қорғау ұйымының (American Bird Conservancy) соңғы нұсқаулығын пайдаланып, таңбалардың қалың өрнегін таңдадық. Осы нұсқаулық ең кішкентай колибриді де қорғауға арналған. Gradient Canopy аумағындағы көпшілікке қолжетімді орындарда фриттаны әйнекке жазылған 30 тілдегі жергілікті 30 құс түрінің атауынан тұратын сөзжұмбақ түрінде жасадық. Осылай функциялары көп құстар үшін қауіпсіз дизайн элементі қызықты сыр сандыққа айналады.

Жергілікті 30 құс түрінің атауын 30 тілде пайдаланып жасалған құс фриттасы.

Жергілікті 30 құс түрінің атауын 30 тілде пайдаланып жасалған құс фриттасы. Фотосурет: Google үшін Иван Баан.

Ең соңында құстардың соқтығысуын азайту үшін Gradient Canopy ғимаратында жарықтандыру жүйесін арнайы жобаладық. Түнде қатты жарық құстарды бағыттан адастырып, жергілікті тіршілік ортасын бұзуы мүмкін. Нақты айтқанда, түнгі мезгілде қоныс аударатын құстар популяциясына зиян келтіреді. Ғимаратты не оның айналасындағы өсімдіктерді үстінен жарықтандырудан бас тарттық, сондай-ақ сыртқы шамдарды тіршілік ортасына жарық түсірмейтіндей етіп қалқалап қойдық. Осылайша Gradient Canopy аумағында жарықпен ластануды азайта алдық. Терезелерге түнде жабылатын жалюзи ілдік. Біреу бөлмені қолданғанда ғана жарық қосылуы үшін, бүкіл ішкі жарықтандыру жүйесіне түнде адам бар-жоғын анықтау датчиктерін орнаттық.

Құстар үшін қауіпсіз дизайн элементтері ойдағыдай жұмыс істеуі және оларды қажетінше реттей алуымыз үшін, үш жылдық мониторинг жоспарын да әзірледік. Бұл жоспар ғимаратты периметрі бойынша тұрақты аралап шығу және тексеру арқылы онымен, конструкцияларымен соқтығысқан құстарды қадағалауға көмектеседі. Жалпы алғанда, құстар үшін қауіпсіз дизайнды қолдану салған ғимараттарымызға қоршаған ортамен бірігіп, жабайы жануарлар мен адамдардың дұрыс қатар өмір сүру мүмкіндігін арттырады деп үміттенеміз.